loader image
Главная страница
Төрайымының алғысөзі

“БЖЗҚ” АҚ Директорлар кеңесі Төрайымының алғысөзі

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Сіздің назарыңызға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 2018 жылғы қызметі туралы есепті ұсынып отырмыз.

2018 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі өзінің жиырма жылдығын атап өтті. Жүйенің толық циклінің “пісіп жетілуі” үшін, салымшылардың ең болмаса бір буыны өзінің бүкіл еңбек қызметі бойына тұрақты зейнетақы жарналарын аударып отыруы үшін кем дегенде 40 жылдай уақыт керек екен. Жарты жол еңсерілді, соның өзінде жүйе қалыптасқанын көріп отырмыз. Зейнетақы қорланымдары жыл сайын орташа есеппен 20%-ға көбейеді, олардың өсуі ЖІӨ-нің өсу қарқынынан жоғары.

2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы активтері 9,37 трлн теңгеден асқан. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, зейнетақы қорланымдары көлемінің ЖІОге қатынасы 2018 жылдың қорытындысы бойынша 15,95%-ды құрады. Бұл ретте 2018 жылы алынған таза инвестициялық табыс сомасы (917,1 млрд теңге) зейнетақы жарналарының түсімінен (848,6 млрд теңге) асып түсті. Яғни, салымшылардың шотына түскен әрбір теңгеге бір теңге көлемінде инвестициялық табыс түскен. Бұл зейнетақы активтерінің сенімгер басқарушысы ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен өткізілетін инвестициялық саясаттың арқасында мүмкін болды. Зейнетақы активтері жалпы ел игілігіне табысты жұмыс істеп келеді – зейнетақы активтерінің 70%-нан астамы ішкі нарықта инвестицияланған, бұл бір жағынан, экономиканың әртүрлі салаларының жұмыс істеуі мен дамуын, жұмыс орындарын және сәйкесінше жаңа жарналардың тұрақты түсімдерін, ал екінші жағынан – салымшылар мен алушылардың шоттарына инвестициялық табыстың түсуін қамтамасыз етеді.

Жинақтаушы жүйенің табысты дамуының шарты – халықтың жүйемен толық қамтылуы, ал оның нәтижесі зейнетақы қорланымдарының жеткіліктілігі болып табылады, бұған жеке зейнетақы шоттарына тұрақты және толық жарналардың түсуі нәтижесінде қол жеткізіледі.

Осы мақсатта БЖЗҚ 2018 жылы Директорлар кеңесімен 2017 жылы бекітілген бес жылдық Корпоративтік даму стратегиясында белгіленген барлық бағыттар бойынша жұмысын жалғастырды. Қаржы сауаттылығын арттыруға бағытталған жаңа жобалар, соның ішінде зейнетақыны жоспарлау мәселелері бойынша салымшыларға арналған жеке консультациялар, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қалдығы нөлге тең және бірнеше жыл бойы жарна салынбаған зейнетақы шоттарының иелерін тарту, ерікті зейнетақы жоспарларын дамыту бойынша жобалар іске асырылды.

БЖЗҚ-ның стратегиялық мақсаттарының бірі – үздік тәжірибе стандарттарына сәйкес сапалы қызмет көрсету. 2018 жылы ISO:9001 халықаралық стандартына сәйкестік сертификатын алу, салымшының “жеке кабинетінде” зейнетақы калькуляторының, сондай-ақ зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін зейнетақы жинақтарының ең төмен сомасын есептеуге арналған калькулятордың енгізілуі – Қордың елеулі жетістіктері деуге болады. Қор кеңселеріне бармай-ақ, БЖЗҚ қызметтерін қашықтан пайдалануға мүмкіндік беретін электрондық қызметтерді дамыту аясында өтініштің (немесе шарттың) телнұсқасын алу және өз пайдасына салынатын ерікті зейнетақы жарналары есебінен шарт жасасу бойынша сервистер іске қосылды. Осылайша зейнетақы қызметтерінің бүкіл дерлік желісі онлайн режимінде қолжетімді.

Міне осылай, 2018 жылы қызметкерлер мен Басқарманың алдына қойылған міндеттер орындалды. Тәуелсіз аудиторлық компанияның қорытындысына сәйкес, зейнетақы активтері мен меншікті активтер бойынша қаржы есептілігі барлық маңызды тұрғыдан қабылданған стандарттарға сәйкестігін растайды. Жылдық есепте келтірілген цифрлар мен деректер осының дәлелі болып табылады.

Құрметпен, Дина Ғалиева

Директорлар кеңесінің Төрайымы
(2013 ж. қыркүйегі – 2019 ж. маусымы)

Төрайымының алғысөзі

2018 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі өзінің жиырма жылдығын атап өтті. Жүйенің толық циклінің “пісіп жетілуі” үшін, салымшылардың ең болмаса бір буыны өзінің бүкіл еңбек қызметі бойына тұрақты зейнетақы жарналарын аударып отыруы үшін кем дегенде 40 жылдай уақыт керек екен.

Қосылыңыздар

Закрыть меню